
Абай облысында өңірдің пошта инфрақұрылымын жаңғырту, цифрлық сервистерді кеңейту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жаңа сапалық деңгейге көтеру мәселелеріне арналған маңызды кездесу өтті. Облыс әкімі Берік Уәли «Қазпочта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жакеевті қабылдады. Жұмыс бабындағы басқосуға Абай облысы бойынша «Қазпочта» филиалының директоры Нұрдәулет Лесбаев және «Қазпочта» АҚ стратегиялық департаментінің директоры Шыңғыс Төрегелдин қатысып, өңірдегі пошта саласының әлеуетін арттыру жолдарын талқылады. Кездесу барысында қалалық және ауылдық пошта бөлімшелерін дамыту, олардың қолжетімділігін арттыру, нысандарды заман талабына сай жаңғырту, сондай-ақ қаржылық қызметтер аясын кеңейтіп, озық цифрлық шешімдерді енгізу бағыттары жан-жақты сөз болды.
Бүгінгі таңда «Қазпочта» АҚ Абай облысының 590 мыңнан астам тұрғынына сапалы қызмет көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн. Өңірлік пошта желісіне 92 инфрақұрылымдық нысан кіреді, бұл көрсеткіш облыс аумағындағы 327 ауылдық елді мекенді толық қамтуға мүмкіндік береді. Осы орайда тараптар ауылдық жерлер мен Семей қаласындағы пошта бөлімшелерін дамыту және жаңғырту шараларына, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар арасындағы қаржылық ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне айрықша назар аударды. Сонымен қатар, жиында «Innoforce» компаниясымен бірлесіп, қолданыстағы «Avtobys» жүйесінің негізінде әзірленген қоғамдық көлікті субсидиялаудың цифрлық платформасы таныстырылып, оның жұмыс істеу тетіктері мен артықшылықтары түсіндірілді. «Қазпочта» АҚ өңірдің сенімді инфрақұрылымдық серіктесі ретінде электрондық коммерцияны дамытуға, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, маңызды мемлекеттік бастамаларды іске асыруға, сондай-ақ тұрғындар мен бизнес субъектілеріне арналған заманауи сервистерді дамытуға толық дайын екендігін жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли пошта бөлімшелерінің, әсіресе ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік және қаржылық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым екенін атап өтті. Поштаның облыстағы желісінің өте ауқымды екенін жеткізген өңір басшысы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын білдірді.
«Қазпочтаның облыстағы желісі ауқымды. Әсіресе ауылдық жерлерде пошта бөлімшелері тұрғындар үшін көптеген қызметке қол жеткізетін маңызды орын. Сондықтан халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдаймыз. Айтылған ұсыныстарды қарастырайық. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.
Келелі басқосу өңірдің пошта-логистикалық жүйесін дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жобалардың жүзеге асуына берік негіз болмақ.



