Ұрпақ саулығы – ұлт болашағы
Берік Уәли репродуктолог Салтанат Байқошқаровамен кездесті

Абай облысында отбасы құндылықтарын нығайту мен репродуктивті денсаулықты қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері айрықша назарға алынды. Өңірдегі бедеулік мәселесін шешу және экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) квоталарын тиімді игеру барысын талқылау мақсатында Абай облысының әкімі Берік Уәли отандық репродуктология саласының негізін қалаушы, биология ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Байқошқаровамен арнайы кездесу өткізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында өңірде соңғы үш жыл бойы жыл сайын 210 квота бөлініп келеді. Осы бағыттағы жұмыстың динамикасы көрсеткендей, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бөлінген квотаның 54 пайызы игерілген.
Демографиялық даму мен отбасын жоспарлау саясатын сапалы жүзеге асыру мақсатында аймақ басшысы тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды ақпараттандыру деңгейін арттыру қажеттілігі атап өтілді. Қазіргі таңда игерілген квоталардың 65,4 пайызы қала тұрғындарына, ал 34,6 пайызы ауылдық жерлердегі отбасыларға тиесілі болып отыр. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына ЭКҰ мүмкіндіктері, медициналық көмек алу шарттары мен квота бөлдіру тәртібі жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Өңірдегі репродуктивті медицинаны дамытудың әлеуметтік маңызына тоқталған Абай облысының әкімі Берік Уәли мемлекеттік қолдаудың әрбір отбасы үшін мән-маңызы жоғары екенін жеткізді:
«Көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Сондықтан осы орталықпен бірлесе отырып, жұмыс істеу қажет. Президент тапсырмасына сәйкес бөлініп отырған бұл квота көптеген отбасыға үміт сыйлағаны анық. Өйткені, «бала – адамның бауыр еті». Ұрпақ өрбіту – әр отбасының тілегі, мақсаты. Сондықтан облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында «NGC» халықаралық репродукция орталығы мен «ЭКОМЕД» клиникалар тобының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова Абай облысындағы репродуктивті денсаулық саласын сапалы жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ мамандар тәжірибесін арттырып, мұқтаж жанұяларға медициналық-кеңестік қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Аймақта жүзеге асырылып жатқан бұл жүйелі шаралар отбасы институтын нығайтып, өңірдегі демографиялық көрсеткіштердің оңтайлы өсуіне серпін бермек.



