Ауылға көшу енді жеңілдейді: жаңа сайт іске қосылады

Осы аптада Aulga.kz сайты өз жұмысын бастайды. Жаңа платформа қаладан ауылға көшуге ниетті азаматтарға арналған ақпараттық алаң болмақ.
Сайтта ауылдағы өмір, мемлекеттік қолдау бағдарламалары және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы қажетті мәліметтер бір жерге топтастырылған. Пайдаланушылар көшуге болатын елді мекендер туралы, әр ауыл ұсынатын жеңілдіктер мен қолдау шаралары жайында толық ақпарат ала алады.
Сонымен қатар платформаға enbek.kz порталы біріктіріліп, азаматтарға ауылдық жерлердегі бос жұмыс орындарын қарауға мүмкіндік беріледі.
Азаматтарға жедел кеңес беру үшін жуық арада 109 колл-орталығы аясында арнайы байланыс желісі іске қосылады. Операторлар көшу тәртібі, қажетті құжаттар және өңірлік квоталар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Жаңа платформа ауылдық аймақтарға мұғалімдер, дәрігерлер және аграрлық сала мамандарын тартуға бағытталған. Бұл бастама олардың жаңа жерге қоныстануына және ауылдардың дамуына серпін бермек.



