Берік Уәли: қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда болады

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында адам көп жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігі, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және Президент пен Үкімет тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыста адамдар көп жиналатын 764 нысан бар. Оның 359-ы Семей қаласында орналасқан. Биыл бірінші жартыжылдықта өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 336 нысанда профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаментіне аудан және қала әкімдерімен бірге ірі ойын-сауық орындары мен адам көп жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруді тапсырды. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде өрт кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері бойынша түсіндіру жұмыстары мен оқу-жаттығулар өткізу қажет екенін айтты.
«Өрт қауіпсіздігі мәселесі қатаң бақылауда болуы тиіс. Бұл тек кәсіпкерлік нысандарға ғана емес, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қатысты», – деді Берік Уәли.
Кеңесте интернет-алаяқтық мәселесі де қаралды. Былтыр Абай облысында 1364 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47,5 пайызға көп. Оның 1092-сі Семей қаласында болған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстарды ашу деңгейі 8,9 пайыздан 17,3 пайызға дейін артқан. Полиция 142 эпизодқа қатысы бар 14 ұйымдасқан топты ұстады. Сонымен қатар алаяқтар пайдаланған SIM-бокс құрылғылары тәркіленді.

Ұлттық банктің «Антифрод-орталығы» жүйесі арқылы 1680 күмәнді операция анықталып, шамамен 30 млн теңге бұғатталды. Оның 20 млн теңгесі азаматтарға қайтарылды.
2026 жылдың алғашқы екі айында облыста 188 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қылмыстың алдын алу үшін интернет-ресурстарды бұғаттау, фрод-қоңырауларды анықтау және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Жиында облыс мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесі де айтылды. Былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 4 мектеп пайдалануға берілді. Қазір тағы бір мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар Семей қаласында жаңа көпірдің құрылысы жалғасуда.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын күшейтіп, су деңгейін күнделікті бақылауды, қар шығару және еріген қар суын сору жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


