Жарма ауданында халықтың өзекті мәселелері көтерілді

Абай облысы бойынша бірмандатты округтен сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Жарма ауданына жұмыс сапарымен барып, Шар қаласында, сондай-ақ Кеңтарлау және Қаратөбе ауылдарында тұрғындармен кездесті.
Кездесулер барысында өңір тұрғындары әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты өзекті мәселелерін ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Шар қаласында бұрынғы Шар ауданын қайта құру, шағын қалаларды дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылдау, қала бюджетіне қосымша салық түсімдерін бөлу және инфрақұрылымды жақсарту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, жылу орталығын салу, электр желілерін тұрақтандыру, көшелерді жөндеу, Ақбұзау–Шар су құбырын жаңғырту, Сарыарқа ауылында жол жөндеу, балалар ойын алаңдарын салу және көшелерді жарықтандыру бойынша ұсыныстар айтылды. Депутат сондай-ақ салынып жатқан жүзу бассейнінің құрылыс барысымен танысты. Аталған нысан республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жүзеге асуда.
Кеңтарлау ауылында мектеп пен спортзал салу, жолдарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, Әди Шәріпов ауылын жоғары жылдамдықты интернетпен және ауыз сумен қамтамасыз ету, электр желілерін реттеу қажеттігі айтылды.
Қаратөбе ауылында мектепті күрделі жөндеуден өткізу, ауыл шаруашылығын дамыту, жеңілдетілген несие беру, жер қатынастарын реттеу, жүн мен теріні өңдеу, әйелдердің зейнеткерлік жасына қатысты ұсыныстар, сондай-ақ таулы аймақтарда пайдалы қазбаларды барлау жұмыстарына байланысты мәселелер қозғалды.
Кездесулер ашық форматта өтті. Тұрғындар көтерген барлық мәселелер мен ұсыныстар партиялық бақылауға алынып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.



