Басты жаңалық

Мектептерге 10 жаңа автобус берілді

Абай облысындағы мектептерге 10 жаңа автобус табысталды. Жыл соңына дейін өңірге тағы 40 автобус жеткізіледі. Бұл туралы Республика күні қарсаңында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында өткен салтанатты рәсімде облыс әкімі Берік Уәли мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, лизинг арқылы сатып алынған 50 автобус ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендердегі оқушылардың мектепке қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Біздің мақсатымыз – ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндіктерін теңестіру. Әрбір бала қай жерде тұрса да, сапалы білімге қол жеткізуі тиіс», – деді Берік Уәли.

Жаңа автобустардың берілуі ауыл мектептері үшін маңызды қолдау болды. Жарма ауданы Т. Көбдіков атындағы орта мектептің мұғалімі Қаламқас Ажимбетованың айтуынша, бұрын қыс мезгілінде дизель отынымен жүретін автобустарды пайдалануда қиындықтар туындаған. Жаңа көліктер оқушыларды тасымалдау мәселесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Автобустар отандық өндірістегі «ПАЗ-32053-70» маркалы көліктер. Әрқайсысы 23 жолаушыға арналған және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қажетті жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктері, GPS жүйесі, бейнетіркеу құралдары, өрт сөндіргіштер мен дәрі қобдишалары орнатылған.

Жаңа автобустар Семей қаласы мен Аягөз, Үржар, Ақсуат, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Бородулиха және басқа да аудандардың мектептеріне беріледі.

Жоба шалғай елді мекендердегі балалардың мектепке қатынауын жеңілдетіп, олардың қауіпсіз жағдайда білім алуына мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button