Семейде Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтерілді
Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, жастар, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күні ел тәуелсіздігіне жол ашқан тарихи оқиғамен тығыз байланысты екенін атап өтті. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болды.
«Тәуелсіздігімізді нығайту, ел бірлігін сақтау және Отанымыздың игілігі жолында еңбек ету – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Берік Уәли.
Рәміздер алаңында биіктігі 35 метрлік ту тұғыры орнатылған. Мұнда Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Елтаңба мен Әнұран мәтіні орналастырылған. Алаң «Абайға құрмет» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде салынған.
Республика күніне орай өңірде патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылуда.
Мереке қарсаңында облыста бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Үржар ауданында жедел басқару орталығы ашылып, Бородулиха және Үржар аудандарына жаңа жедел жәрдем көліктері табысталды. Семейде облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы басталды. Сонымен қатар жеті аудандағы кітапханалар жаңғыртылып, Аягөз ауданының Қопа ауылында спорт кешені ашылды.
20 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған «Мирас» балалар кітаптарының 35 томдық сериясы таныстырылды.
Салтанатты рәсім мерекелік концертке ұласты. «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстан!» атты концертте Қазақстанның халық әртісі Өмірқұл Айниязов, әнші Ұшқын Жамалбек, «ETHNO ARLAN» және «Семсер» топтары өнер көрсетті.



