«Ұлылар елі» байқауының бас жүлдесін Қуандық Рахым жеңіп алды
Семейде Республика күніне орай «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Шарада 16 жаңа ән орындалып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Байқаудың мақсаты – Абай елінің тарихи-мәдени мұрасын, табиғатын және рухани құндылықтарын ән өнері арқылы дәріптеу, талантты композиторлар мен ақындарға қолдау көрсету.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли байқаудың өңір мәдениеті үшін маңызын атап өтті.
«Байқаудың ең үлкен жетістігі – 64 автордан 88 шығарманың келіп түсуі ғана емес, сол туындылардың арасынан халықпен бірге жасайтын әндердің дүниеге келуі. Бұл жоба композиторлар мен ақындарға жаңа мүмкіндік беріп, әншілеріміздің репертуарын байытады», – деді аймақ басшысы.
Байқау қорытындысы бойынша «ETHNO ARLAN», «ДОС» дуэті, «Элит» тобы, Медғат Әділбек, Мәди Мадияров, Мәди Ахметқожа және Ұшқын Жамалбек лауреат атанды.
«Киелі Абай елі» бағыты бойынша «Туған ел сенен айналдым» әнімен Клара Төленбаева мен Айгерім Тілеубек бірінші орын иеленді. «Тренд әуен» бағытының жеңімпазы Ұшқын Жамалбек атанды.
Ал байқаудың бас жүлдесі Қуандық Рахым орындаған «Ұлылар елі» әніне бұйырды. Әннің сөзін Нұржан Өмірбай жазған, әуені Жарасхан Төлебайға тиесілі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды. Лауреаттарға – 1,5 миллион, бірінші орын иегерлеріне – 3 миллион, ал бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге берілді.
Айта кетейік, байқау өткізу туралы бастаманы облыс әкімі Берік Уәли биыл 9 ақпанда Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын-жазушылармен кездесуде көтерген болатын. Жобаға еліміздің түрлі өңірінен 64 автор қатысып, барлығы 88 музыкалық шығарма ұсынылды.



