Қысқы дөңгелек тақпаған жүргізушілерге 21 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстанның бірқатар өңірінде, соның ішінде Абай облысында, көктайғаққа байланысты жазғы шиналармен жүруге уақытша шектеу енгізілді. Полиция жүргізушілердің көлік дөңгелектерін тексеріп жатыр.
Inbusiness.kz сайтының Kolesa.kz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдарда ауа райының қолайсыздығына байланысты шектеулер енгізілгенін мәлімдеді.
Қысқы дөңгелекке қойылатын талаптар қандай?
Техникалық регламентке сәйкес, 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көліктерге қысқы шиналар орнату міндетті. Алайда ауа райына байланысты жолдарда уақытша шектеулер бұдан ертерек енгізілуі мүмкін.
Қысқы шиналарға қойылатын негізгі талаптар:
- Қысқы дөңгелектер көліктің төрт доңғалағына да орнатылуы керек.
- Шиналарда тау шыңы мен қар ұшқынының белгісі немесе M+S, M&S, M S таңбалары болуы тиіс.
- Бір оське әртүрлі өлшемдегі, типтегі немесе протекторлы шиналарды орнатуға болмайды.
- Қысқы шиналардың протекторының тереңдігі кемінде 4 мм болуы қажет.
Айыппұл мөлшері қанша?
Қысқы кезеңде жазғы шиналармен көлік жүргізгені үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл 21 625 теңгені құрайды.
Жолдың қауіпті учаскелерінде бақылау бекеттері қойылып, полиция қызметкерлері көліктердің шиналарын тексереді. Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге қатысты заңда көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.
Жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп, ауа райы мен жол қозғалысына қойылған шектеулерді ескеру ұсынылады.



