Қазақстанда 600-ден астам сауда нысаны мерекелік жеңілдіктер акциясына қосылды
Қазақстанда Республика күніне орай Republic Day және Bereke Fest жалпыұлттық жеңілдіктер науқаны басталды. 17 қазаннан бері акцияларға еліміз бойынша 649 сауда нысаны қатысуда. Мерекелік ұсыныстар 27 қазанға дейін, қоса алғанда, жалғасады.
Науқан аясында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларға арнайы бағалар ұсынылған. Тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Жеңілдіктердің мөлшері мен шарттары сауда ұйымдарына және тауар ассортиментіне байланысты.
Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы мен сауда үйі қатысады. Олардың қатарында Астанадағы MEGA Silk Way және «Хан Шатыр», Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Forum Almaty, сондай-ақ Шымкенттегі Mega Planet пен Shymkent Plaza бар.
Ал Bereke Fest акциясына бөлшек сауда желілерінің 417 дүкені қосылды. Олардың арасында Magnum, SMALL, «Астықжан» және GraMad сауда желілері бар. Жеңілдіктер еліміздің өзге өңірлеріндегі сауда орындарында да қолжетімді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, науқанның мақсаты – ішкі сауданы дамыту, тұтынушылардың белсенділігін арттыру және отандық өндірушілердің өнімдерін сауда желілерінде кеңінен ұсынуға мүмкіндік жасау.
Жалпыұлттық акцияны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ұйымдастырды.
Акцияға қатысатын сауда нысандарының мекенжайлары әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланған. Ал жеңілдіктердің мөлшері, тауарлар ассортименті мен сатып алу шарттары туралы толық ақпаратты сауда ұйымдарынан білуге болады.
Мерекелік жеңілдіктер науқаны 2026 жылғы 27 қазанда аяқталады.



