Омбыда «Ертіс: достық өзені – даму өзені» форумының пленарлық отырысы басталды

Ресей Федерациясының Омбы қаласында халықаралық «Ертіс: достық өзені – даму өзені» форумының пленарлық отырысы басталды. Жиынға Ресей, Қазақстан және Қытай елдерінің жетекші сарапшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, көлік-логистика және кеме қатынасы саласының мамандары қатысты.
Пленарлық сессияның негізгі тақырыбы – «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін қалыптастыру және бұл бағытта Ертіс өзенін тиімді пайдалану. Қатысушылар трансшекаралық тасымал инфрақұрылымын дамыту, логистикалық маршруттарды кеңейту және өзеннің өңіраралық кооперациядағы рөлі жөнінде пікір алмасты.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің осы бағыттағы бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресеймен стратегиялық серіктестік туралы пікірін келтіре отырып:
– «Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі және еліміздің экономикасына үлес қосушы жетекші инвесторлардың алғашқы ондығына кіреді», – деді.
Берік Уәли форум барысында өңірдің өндірістік және туристік әлеуетіне тоқталып, екі ел арасындағы трансшекаралық туристік маршруттарды дамыту қажеттігін айтты:
– Өңірлеріміздің тарихи мұрасын ескере отырып, туристер үшін ортақ бренд қалыптастыруға және Ертіс бойымен ғана шектелмей, облыс аумағын толық қамтитын ақпараттық турларды ұйымдастыруға дайынбыз. Сонымен бірге мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен көрмелер, фестивальдер және тарихи жобаларды жүзеге асыру маңызды, – деді аймақ басшысы.
Пленарлық отырыс халықаралық форумның негізгі бөлігі ретінде үш мемлекетті байланыстыратын жаңа экономикалық және мәдени бастамаларды талқылауға арналған ортақ алаңға айналды. Форум жұмысы секциялық кездесулермен әрі қарай жалғасуда.



