Басты жаңалық

Ақсуатта кәсіпкерлік инфрақұрылымы кеңеюде

2025 жылы Ақсуат ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп иелерінің шаруашылықтарын кеңейту, мүліктерін жаңарту және жаңа сауда орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Аудан экономикасын әртараптандыруға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бұл бастамалар нақты нәтижесін беріп келеді.

Қазіргі таңда Ақсуат ауданында 1961 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 107 заңды тұлға, 692 жеке кәсіпкер және 1162 шаруа қожалығы бар. Ауданда 131 сауда дүкені, 1 сауда базары, 28 қоғамдық тамақтандыру орны, 53 қызмет көрсету нысаны, 7 жанар-жағармай құю стансасы, 7 дәріхана және 10 шағын наубайхана халыққа қызмет көрсетуде.

2025 жылы жеке кәсіпкерлердің бастамасымен бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Аудан орталығында мейрамхана, екі тойхана, бес сауда дүкені және автокөлік жуу орталығы ашылды. Сонымен қатар, Екпін ауылында бір сауда дүкені мен екі монша өз жұмысын бастады.

Қазіргі уақытта Ақсуат ауылында екі қабатты сауда және қонақ үй кешенінің, ауданға кіреберіс бөлігінде сауда және қоғамдық тамақтану нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Qazaq Oil Partners» бағдарламасы аясында жанар-жағармай және газ құю стансасын салу жұмыстары қолға алынды. Аталған нысандарды 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы бірқатар шаруа қожалықтары облыстың индустрияландыру картасына енгізіліп, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен несие алды. Аталған жобалар аясында 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, жасанды тоғандарда балық өсіру және 5000 бас қой шаруашылығын дамыту жобалары іске асырылуда. Бұл бағыттағы жобаларға бөлінген жалпы қаржыландыру көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды.

Өндірістік бағыттағы жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жеке кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу, ет және сүт өнімдерін өндіру бағытында жобаларды іске қосып, дайын өнімдерін аудандық жәрмеңкелер арқылы тұрғындарға ұсынып келеді.

Атқарылып жатқан жұмыстар Ақсуат ауданында кәсіпкерлік ортаның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал етуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button