Басты жаңалық

Өңірде «Ақылды қала» жобасы мен AI бастамалары іске асырылуда

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірде жасанды интеллектіні дамыту және цифрландыру бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндама жасады.

Бүгінде облыста цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Семей қаласында «Ақылды қала» (Smart City) жобасы аясында жастарды бағдарламалау, робототехника және цифрлық кәсіпкерлікке оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласында «Цифрлық емхана» мен электрондық кезек жүйесі енгізілген. Ал білім беру ұйымдарында «Цифрлық мектеп», электрондық журнал мен күнделік, сондай-ақ «Мектеп асханасы» жобалары кеңінен қолданылуда.

Ауыл шаруашылығы саласында жер және мал шаруашылығын басқарудың цифрлық платформалары енгізіліп, фермерлерге онлайн қызметтер ұсыныла бастады.

Сонымен қатар өңірде жастардың IT саласына қызығушылығы артып келеді. Хакатондар мен стартап байқауларына қатысушылар саны да жыл сайын өсіп отыр. 2025 жылдан бастап жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламалары аудан орталықтарын да қамти бастады.

Alikhan Bokeikhan University базасында ASSYLTAS қоғамдық қорының бастамасымен «Assyl AI» жобасы іске асырылып, жастарды жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету қолға алынған.

Робототехника саласында да оң нәтижелер бар. RO-ALEMI робототехника орталығының тәрбиеленушілері халықаралық жарыстарда жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Ал инновациялық жобаларды қолдау мақсатында Семей қаласының әкімдігі GovTech байқауын өткізіп, жалпы бюджеті 30 млн теңге көлемінде гранттарды стартаптарға бөлді.

Биылғы жылға арналған жоспарға сәйкес облыстағы IT-резиденттер санын 100-ден асырып, 50-ден астам жаңа IT жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар «Ақылды қала» бағдарламасы аясында бағдарламалау мектептерін дамыту, «109» қызметі, «ақылды» жарықтандыру, контейнерлік алаңдарды цифрландыру, бейнебақылау және жол қауіпсіздігі жүйелерін жетілдіру жобалары жүзеге асырылуда.

Абай облысының 2026–2030 жылдарға арналған «Ақылды қалаларды дамыту» стратегиясы бекітілді. Жол картасы Семей қаласында 13 жобаны, ал аудан орталықтарында 7 жобаны қамтиды.

Өңірде білім беру және инновация бағытында жаңа бастамалар да жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Tomorrow School» білім беру жобасын ашу көзделген. Сонымен қатар өңірдің стартап экожүйесін дамыту мақсатында «Semy-Hub» өңірлік хабын құру жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында аймақ басшысы цифрландыру басқармасына Мемлекет басшысының жасанды интеллектті дамытуға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында әр басқармаға нақты индикаторлары бар іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ агробизнес өкілдерімен инновациялық технологияларды енгізу бағытында жұмыс жүргізу және цифрландыруды енгізген кәсіпорындарды ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Президенттің Жолдауда белгілеген міндеттерін жүзеге асыру еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканың барлық саласын жаңғыртуға ықпал етеді. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы, жер, қаржы, өнеркәсіп, сауда, көлік-логистика, құрылыс, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім және табиғи ресурстарды пайдалану салаларында жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет», – деді Берік Уәли.

Дереккөз: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен

Басқа жаңалықтар

Back to top button