Басты жаңалық

Ақсуат өнерімен таңғалдырды

Абай облысында өтіп жатқан «Абай елі – өнер кеніші» байқауы қыза түсті. Ақсуат ауданында өткен іріктеу кезеңінде жергілікті өнерпаздар сахнада бар шеберлігін көрсетіп, қазылардың сынына түсті.

Ауқымды мәдени жоба облыстың мәдени әлеуетін айқындауға бағытталған. Байқау Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтуде.

Екінші күнгі іріктеу кезеңі Ақсуат ауданында ұйымдастырылып, аудандық мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламада өнерпаздар ән, би және түрлі сахналық қойылымдар арқылы өз мүмкіндіктерін таныстырды.

Қазылар алқасына республикалық және халықаралық деңгейде танылған өнер қайраткерлері мен тәжірибелі мамандар енген. Ал алқа жұмысын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-композитор Медет Салықов басқарып отыр. Олар қатысушылардың орындаушылық деңгейін, сахналық мәдениетін және көркемдік тұтастығын жан-жақты бағалауда.

Іріктеу кезеңі бекітілген кестеге сәйкес жалғасады. Бүгін сағат 17:00-де Көкпекті ауданының өнерпаздары өнер көрсетеді.

Жалпы байқау 24 сәуірге дейін облыстың барлық аудан-қалаларын қамтиды. Қорытындысында үздік деп танылған ұжымдар Семей қаласында өтетін гала-концертке жолдама алып, бас жүлде үшін бақ сынайды. Жеңімпаз аудан облыс әкімі атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button