Қызылша асқынуы мүмкін: дәрігерлер дабыл қағуда

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қызылшаның өршуіне байланысты халыққа үндеу жасады.

Министрдің айтуынша, қызылша көпшілік ойлағандай жеңіл ауру емес.
«Қызылша — асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе, ерте жастағы балалар осал келеді», – деді ол.
Ведомство басшысы бұл дерттен қорғанудың жалғыз тиімді жолы вакцинация екенін атап өтті.
«Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын», – деді министр.
Министр ата-аналарды балаларын уақытында екпеден өткізуге шақырды.
«Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз. Балаларыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыздар. Екпені уақытылы алыңыздар», – деді Ақмарал Әлназарова.



