Басты жаңалық

Айбек Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының активіне ауданның жаңа әкімі Айбек Нұғымаровты таныстырды. Тағайындау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес аудан әкімдерін тікелей сайлау институты жойылды. Енді облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.

Осыған сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 25-бабы негізінде, Президент Әкімшілігінің және Аягөз аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен облыс әкімінің өкімі арқылы Айбек Серікболұлы Нұғымаров Аягөз ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Абай облысында тағайындалған екінші аудан әкімі.

Актив жиынында сөз сөйлеген Берік Уәли Аягөз ауданының өңір экономикасындағы орнына тоқталды.

Аягөз – облыстың стратегиялық маңызы бар аудандарының бірі. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және сауда салаларын дамытуға әлеуеті жоғары. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асырып, ауданның мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Айбек Серікболұлының тәжірибесі мол. Ол өзіне жүктелген сенімді ақтап, ауданның дамуына лайықты үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Айбек Нұғымаров Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Семей қаласында қазақ күресінен жаттықтырушы болып бастаған. Әр жылдары жоғары спорт шеберлігі мектептерінде нұсқаушы-әдіскер, жаттықтырушы қызметтерін атқарды. Алты жылдан астам уақыт Семей қаласындағы Көлік колледжін басқарды. Соңғы жылдары Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы қызметтерінде еңбек етті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button