Абай облысында оқу жылын үздік аяқтаған түлектерге құрмет көрсетілді

Бүгін Семей қаласында 2025–2026 оқу жылын табысты аяқтаған мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шара өтті. Ертіс өзенінің жағасындағы Бейбітшілік аралында ұйымдастырылған мерекелік жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова, білім беру саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар, мектеп директорлары мен мыңдаған түлек қатысты.
Жас түлектердің өміріндегі ең маңызды әрі есте қаларлық сәттердің біріне айналған бұл шарада оқу озаттары мен білім саласының үздіктеріне құрмет көрсетілді. Биылғы оқу жылын ерекше жетістіктермен аяқтаған оқушылардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың білімге деген талпынысы мен қажырлы еңбегі көпшілік алдында дәріптелді.
Салтанатты рәсім барысында 2025–2026 оқу жылын үздік аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанған Семей қаласының 160 түлегіне салтанатты түрде «Алтын белгі» төсбелгілері табыс етілді. Бұл марапат – он бір жыл бойы үздік оқып, барлық талаптарды жоғары деңгейде орындаған шәкірттердің білім жолындағы үлкен жеңісінің белгісі.
Сонымен қатар, білім беру саласын дамытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли мектеп бітіруші түлектерді маңызды өмірлік белеспен құттықтап, олардың жетістіктері өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы екенін атап өтті.
Аймақ басшысы білімді жастар – елдің болашағы екенін айтып, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
«Бүгін біз ерекше күннің куәсі болып отырмыз. Бұл – мектеп қабырғасындағы он бір жылдық еңбектің қорытындыланатын, жаңа өмірге қадам басатын тарихи сәт. Біз бүгін тек үздік түлектерді ғана емес, туған өлкеміздің мақтанышына айналған дарынды жастарды ұлықтау үшін жиналып отырмыз.
Он бір жыл бойы талмай ізденіп, білім жолында аянбай еңбек етіп, шәкірттік кезеңнің ең биік белесі – «Алтын белгі» төсбелгісіне қол жеткізген барша түлектерді шын жүректен құттықтаймын.
Бұл жетістік – тек сіздердің ғана емес. Бұл – әрдайым жанынан табылып, қолдау көрсеткен ата-аналарыңыздың, білім мен тәрбие берген ұстаздарыңыздың және сіздердің табандылықтарыңыздың ортақ жемісі.
Бүгінгі таңда еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым жастарға үлкен сенім артып келеді. Президент өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың білімге ұмтылысын, ғылым мен инновацияға қызығушылығын ерекше атап өтті. «Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады» деп атап көрсетті.
Бұл – сіздерге көрсетілген үлкен сенім. Сол сенімді ақтайтын, еліміздің дамуына үлес қосатын азаматтар болады деп сенеміз. Қай мамандықты таңдасаңыздар да адал еңбек етіп, туған елдің өркендеуіне қызмет етіңіздер.
Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Қанаттарыңыз талмасын, білім жолындағы ізденістеріңіз ешқашан тоқтамасын. «Алтын белгілеріңіз» құтты болып, өмір жолдарыңыз әрдайым ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын», – деді Берік Уәли.
Шара барысында облыстың білім беру жүйесінің соңғы жылдардағы жетістіктері де айтылды.
Өткен оқу жылында облыс бойынша 362 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, биыл олардың саны 432-ге жетті. Бұл – өңірдегі білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанының нақты көрсеткіші.
Биыл Абай облысында 6065 түлек мектеп қабырғасымен қоштасты.
Олардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына облыстың 12 мыңнан астам мұғалімі қажырлы еңбек сіңірді.
Жалпы 2025–2026 оқу жылында Семей қаласындағы 53 мемлекеттік, 8 жекеменшік және 2 мамандандырылған мектепте барлығы 51 276 оқушы білім алды.
11-сыныпты аяқтаған түлектердің ішінде 160 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 231 түлек мектепті үздік аттестатпен тәмамдады.
Бұл көрсеткіштер облыстың білім беру жүйесінде сапалы білім беру бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Өңірде дарынды балаларды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып келеді.
Осы мақсатта облыс әкімінің бастамасымен талантты жастарды қолдауға арналған арнайы білім гранттары бөлінуде.
Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, өңірдің 200 түлегіне облыс әкімінің гранты бөлінді.
Осындай қолдау өткен жылы да көрсетілген болатын.
Бұл бастама ауыл мектептерінің дарынды түлектеріне жоғары білім алуға қосымша мүмкіндік беріп, өңірдің болашақ мамандарын даярлауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады.
Салтанатты шара барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздарға мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, Семей қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Әбішева, Жарма ауданындағы Ақтайлақ би атындағы жалпы орта білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Жандильдинова, Бесқарағай ауданындағы Долон негізгі білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанар Омаралина және Семей қаласындағы №49 жалпы орта білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі Гульфариза Тоқтубаева «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар Семей қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №34 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрлан Жолбарысов пен Абай ауданындағы Бекбосынов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің математика пәнінің мұғалімі Бақыт Тілеубайға «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді.
Марапатталған ұстаздардың көпшілігі ондаған жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білім беру жүйесінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Олардың оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен түрлі зияткерлік жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
Облыста оқушылардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Өткен оқу жылында облыстың 407 оқушысы республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және түрлі зияткерлік жарыстарға қатысып, олардың 163-і жүлделі орындарғаие болды.
Әсіресе, соңғы жылдары өңір оқушылары IT технологиялары, робототехника, математика, физика және басқа да нақты ғылымдар бағытында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Робототехника саласында облыс оқушылары халықаралық деңгейдегі жарыстарда Қазақстан намысын лайықты қорғап, жүлделі орындарға ие болды.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Абай облысының үш бірдей білім беру ұйымы еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектебі» қатарына енді.
Бұл – өңірдегі білім сапасының артып, дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстың жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты дәлелі.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, түлектер ұстаздарына алғыстарын білдіріп, мектеппен қоштасудың әсерлі сәттерін бірге бөлісті. Биылғы түлектер үшін бұл күн жаңа өмірге бастар жарқын жолдың бастауы ретінде есте қалды.



