Енді электр самокаттарға нөмір беріледі

Елімізде электрлі самокаттарды жалға берумен айналысатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін жаңа талаптар енгізілмек. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, прокатқа берілетін әрбір электр самокатқа бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Нөмір белгілі бір операторға бекітілген латын әрпінен және саннан тұрады.
Мысалы, компанияға «A» әрпі берілсе, оның самокаттары A00001, A00002, A00003 тәртібімен нөмірленеді. Бұл әріпті басқа компания пайдалана алмайды.
Сонымен қатар прокат қызметін көрсететін ұйымдар өздеріне тиесілі барлық электр самокатты міндетті түрде есепке алуы тиіс. Егер самокат пайдаланудан шығарылса, оған берілген тіркеу нөмірі жүйеде сақталып, қайта қолданылмайды.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар жалға берілетін электр самокаттарды бақылауды жеңілдетіп, қала көшелеріндегі қауіпсіздікті арттыруға және прокат қызметі нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



