Семей: жаңғыру жолында

Семей қаласының дамуы соңғы жылдары жаңа қарқын алды. Қалада көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, білім беру мен мәдениет саласын дамыту бағытында бірқатар ірі жоба қолға алынған. Бұл бастамалар шаһардың сәулеттік келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Қаладағы маңызды жобалардың бірі – жаңа жылу электр орталығының құрылысы. Облыс әкімінің мәліметінше, «Самұрық-Энерго» АҚ мен қазақстандық-сингапурлық консорциум арасында келісімге қол жеткізілген. Жобаның алдын ала құны – 714 млрд теңге. Жаңа станцияның жылу қуаты сағатына 1060 Гкал, ал электр қуаты кемінде 360 МВт болады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың төртінші тоқсанында бастау көзделген.
Көлік инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Семейдегі жаңа көпір құрылысына биыл 19,6 млрд теңге бөлінген. Қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін жұмысты жандандыруға мүмкіндік туған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ел көлемінде 124 теміржол вокзалын реконструкциялау бағдарламасы аясында Абай облысындағы 10 нысанды жаңарту көзделген. Оның жетеуі пайдалануға берілген, қалған үш нысанның қатарында Семей теміржол вокзалы да бар.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да маңызды бастамалар бар. Қарағайлы ықшам ауданында 400 орындық «Білім-инновация» лицейін салуға 6,8 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, BI Group компаниясымен жасалған келісім нәтижесінде қалада 1400 орындық Binom мектебін ашу жобасы қолға алынған. Сондай-ақ Астана қаласының қолдауымен 1500 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласында да жаңа нысандарға қажеттілік бар. Қазіргі уақытта Семейде облыстық аурухана мен балалар ауруханасын салу жобалары әзірленуде. Екі нысан бойынша да жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамаға жолданған.
Қаланың мәдени келбетін қалыптастыруға бағытталған жобалар да жалғасуда. Кәсіпкер қаражаты есебінен Ф.М. Достоевский атындағы музей ғимаратын күрделі жөндеуге 500 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Невзоровтар музейін жаңғыртуға 100 млн теңге бөлінген. Президенттің бастамасымен Семейде жаңа театр салу жобасы да әзірленіп жатыр.
Жалпы, бұл жобалар Семейдің дамуында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Дегенмен қаланың шынайы жаңаруы тек ірі құрылыстармен өлшенбейді. Жолдардың сапасы, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, аулалардың тазалығы мен инженерлік желілердің жағдайы да тұрақты назарда болуы тиіс.
Семейдің жаңа келбеті – салынып жатқан ғимараттар мен жаңарған инфрақұрылымның ғана емес, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың көрінісі.



