Облыста өсім бар: қай салалар алға шықты?

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында өңірдің 2026 жылдың алғашқы үш айындағы дамуы талқыланды. Сонымен қатар экология мен су заңнамасына қатысты мәселелер де қаралды.

Жалпы, облыстың көрсеткіштері жаман емес. Экономикада өсім бар. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда сияқты негізгі салаларда оң нәтиже байқалады. Әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқын алып, облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орынға шықты.
Бюджетке түскен салық көлемі де артқан. Инвестиция тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір өңірде ірі жобалар іске асырылуда, жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Ауыл шаруашылығында да өсім бар. Мал басы көбейіп, өнім көлемі артқан. Сонымен бірге су үнемдеу технологиялары көбірек қолданылып жатыр.
Кеңесте аудан және қала әкімдерінің жұмысы да бағаланды. Нәтижесінде Абай, Бесқарағай, Жаңасемей аудандары үздік деп танылды. Ал Курчатов, Бородулиха, Көкпекті аудандары төмен көрсеткіш көрсетті.

Облыс әкімі жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Әсіресе нәтижесі төмен өңірлерге кемшіліктерді түзеп, жұмысты күшейту міндеттелді.
Су қорғау аймақтарын белгілеу, су нысандарын тазалау және заңсыз әрекеттердің алдын алу жұмыстары жалғасады.



