Басты жаңалық

Ұлттық ойындар арқылы ұрпақтар сабақтастығы нығая түсті

Семейде Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі аясында «Ұлттық ойындар» зияткерлік-спорттық сайысы өтті.

Іс-шара №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұйымдастырылды. Сайысқа орталықтың қызмет алушыларынан құралған 6 топ, барлығы 12 адам қатысты. Жалпы шараға 100-120 адам қамтылды.

Қатысушылар шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ бойынша бақ сынады. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ойындардың ережелері мен ерекшеліктеріне қатысты сұрақтарға жауап берсе, «Кім жылдам?» кезеңінде шапшаңдықтарын көрсетті. Ал «Тапқыр болсаң, тауып көр!» тапсырмасында логикалық есептерді шешті.

Практикалық кезеңде қатысушылар шахмат фигураларын дұрыс орналастырып, дойбыда жүріс жасап, тоғызқұмалақтағы отаулар мен қазанды көрсетті. Сондай-ақ «Ойын шеберлері» жарысында шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ бойынша жұптық сайыс ұйымдастырылды.

Сайыс қорытындысында үздік қатысушылар «Үздік шахматшы», «Дойбы шебері», «Тоғызқұмалақ білгірі», «Ең тапқыр ойыншы», «Ең жылдам ойыншы» және «Белсенді қатысушы» номинацияларымен марапатталды.

Іс-шараға «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының өкілдері мен филиал жанындағы «Әйелдер қанатының» мүшелері қатысты. Сонымен қатар қатысушыларға цифрлық сауаттылық бойынша практикалық сабақ өткізілді.

Ұлттық ойындар арқылы қатысушылардың зейіні, есте сақтау қабілеті, логикалық ойлауы мен шапшаңдығын дамытуға басымдық берілді. Бастама аға буынның белсенді өмір салтын қолдап, ұлттық ойындарға қызығушылықты арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button