Өкпеден табылған шеге

14 қараша күні дәрігерлерді де таңғалдырған жағдай болды. Абай облыстық фтизиопульмонология орталығына жеткізілген пациенттің өкпесінен ұзындығы 10 сантиметрлік шеге табылды. Бөгде зат PENTAX FB-18V бронхоскопының көмегімен тыныс жолдары арқылы сәтті алынып, науқасқа дер кезінде көмек көрсетілді. Бұл оқиға орталық мамандарының кәсіби шеберлігін тағы бір дәлелдеді.

Эндоскопиялық бөлімге жетекшілік ететін бас дәрігердің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Мақсат Әділғожин – 25 жылдан астам тәжірибесі бар жоғары санатты маман. Ол бронхоскопияның туберкулезді анықтаудағы рөлін зерттеп, ғылыми жұмыс қорғаған, бірқатар патенттің авторы. Барлық манипуляциялар жоғары санатты медбике Айгүл Асқарбекованыңқатысуымен орындалады.
Абай облысының фтизиопульмонология орталығы 1984 жылдан бері өңірде туберкулезге қарсы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Мұнда балалар мен ересектерге заманауи диагностикалық және емдік әдістер қолданылады.
Орталықта жыл сайын 500–600 бронхоскопия жасалып, туберкулезді дәл анықтауға және өкпе обырын ерте диагностикалауға мүмкіндік беретін биопсия алынады. Сонымен қатар, тыныс жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіретін бронхоблокада сияқты күрделі процедуралар жүргізіледі.
Фтизиопульмонология орталығы өңір тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді және жаңа әдістерді енгізуді жалғастыра береді.



