Басты жаңалық

Абай облысының креативті қуаты Астанада айшықталды

Елордадағы Qazaq Creative Hub орталығында өткен «Тұңғыштар мекені – киелі Абай елі» креативті көрме-жәрмеңкесі Абай облысының шығармашылық әлеуетін кеңінен таныстырды. «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған шара өңірдің қолөнері, бейнелеу өнері, ұлттық брендтері, ІТ және жасанды интеллект саласындағы тың бастамаларын бір алаңға тоғыстырды.

Көрме-жәрмеңкенің ресми ашылуына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов қатысып, өңірдің креативті индустриясын дамыту бағытындағы жұмыстарға жоғары баға берді.

Шара аясында көпшілік назарына барлығы 842 туынды ұсынылды. Оның ішінде 772 қолөнер бұйымы мен семейлік суретшілердің 70 картинасы қойылды. Көрменің ең құнды туындысы ретінде қылқалам шебері Виктор Шмидттің «Рақмет және кешір» картинасы ерекшеленді. Құны 2 миллион 560 мың теңге болатын шығарма адамгершілік, кешірім мен алғыс секілді мәңгілік құндылықтарды көркем тілмен бейнелейді.

Қонақтар киізден жасалған бұйымдар, текемет, құрақ көрпе, ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, зергерлік әшекейлер, былғары және ағаштан жасалған сәндік бұйымдар, қамшылар, ұлттық аспаптар, мүсіндер мен кәдесыйларды тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омарханның айтуынша, көрменің басты мақсаты – өңір шеберлерінің шығармашылық әлеуетін республика жұртшылығына таныстыру. Сонымен қатар көрмеде жасанды интеллект негізінде әзірленген жаңа жобалар мен анимация саласындағы жұмыстар ұсынылды. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын қазақ ақыны мен жасанды интеллекттің айтысын ұйымдастыратын инновациялық жоба тудырды. Бұл бастама көрменің ең тың әрі заманауи жаңалықтарының бірі ретінде бағаланды.

Көрме барысында Абай музейі, Абай кітапханасы және облыстық тарихи-өлкетану музейі дайындаған арнайы экспозициялар да қойылып, келушілерге өңірдің тарихи-мәдени мұрасы кеңінен насихатталды.

Шараның тағы бір ерекшелігі – гастрономиялық өнімдердің ұсынылуы болды. Қонақтар ұлттық тәттілерден дәм татып, BaiQymyz-2025 халықаралық фестивалінің бас жүлдегері атанған Саржал ауылынан жеткізілген қымызды және саумалдан дайындалған балмұздақты бағалады.

Екі күнге созылатын көрме-жәрмеңке Абай облысының дәстүрлі өнері мен заманауи технологияларын ұштастырған ерекше мәдени алаңға айналып, өңірдің шығармашылық әлеуетін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button