Қартаюға уақыт жоқ!

Семейде зейнет жасындағы азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып келеді. Енді олар уақытын тек үйде өткізбей, арнайы орталықта ем алып, араласып, белсенді өмір салтын ұстана алады. Осы бағыттағы жұмыстармен Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы танысты.

Аймақ басшысы Семей қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының филиалында болып, мекеменің жұмысын көрді. Бүгінде орталықта 556 адам қызмет алады, ал күн сайын 90-100 адам келіп, түрлі қызмет түрлерін пайдаланады. Мекеме жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады, штат саны – 12 қызметкер.
Орталықта әлеуметтік қызметтің жеті бағыты қамтылған. Оның ішінде әлеуметтік-медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық және сауықтыру қызметтері бар. Мұнда келушілер денсаулығын жақсартып қана қоймай, қоғаммен байланысын сақтап, жаңа орта табуға мүмкіндік алады.

Мекеменің негізгі мақсаты – қызмет алушылардың өмір сапасын арттыру, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Әр адамның жеке қажеттілігі ескеріліп, соған сай қызмет көрсетіледі.
Орталық директоры Абайқызы Дариға мекеменің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Ал белсенді ұзақ өмір сүру бөлімшесін Омарова Меруерт Жумашевна басқарады.

Сапар барысында облыс әкімі орталықтағы қызмет сапасына назар аударып, мұндай әлеуметтік нысандардың маңызы жоғары екенін атап өтті. Жалпы, бұл орталық – егде жастағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жол ашатын маңызды алаң.



