Президент FIS басшысымен шаңғы спортының дамуын талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шаңғы спорты және сноуборд федерациясының (FIS) президенті Йохан Элиашты қабылдады. Кездесуде Қазақстанның халықаралық шаңғы спорты ұйымымен ынтымақтастығын дамыту мәселелері сөз болды.
Президент елімізде 85 мыңнан астам адам шаңғы спортымен тұрақты айналысатынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда заманауи тау шаңғысы кешендері мен халықаралық деңгейдегі спорт инфрақұрылымы бар екенін жеткізді. Мемлекет басшысы ел құрамасы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындалып жатқанын айтты.
FIS президенті Қазақстан спортшыларының халықаралық жарыстардағы жетістіктерін жоғары бағалап, спортты дамытуға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Тараптар спортшыларды даярлау, бапкерлерді оқыту және төрелік бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.



