Басты жаңалық

Жастар таңдауы — таза орта

Қоқыс жинаудан басталған қарапайым бастама бүгінде Абай облысындағы ірі қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. Өңірде мыңдаған жас ерікті экологиялық акцияларға қатысып, қоғамдық бастамалардың бел ортасында жүр. Биылдың өзінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 20 мыңға жуық жас табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына атсалысты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиында Абай облысында волонтерлік қозғалысты дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қорытындыланды.

Бүгінде облыста 43 волонтерлік ұйым мен бастамашыл топ жұмыс істейді. Жалпы волонтер жастардың саны 5744 адамды құрайды. Волонтерлік бастамаларды үйлестіру мақсатында «Абай жастары» облыстық волонтерлер фронт-офисі тұрақты қызмет атқаруда. Сонымен қатар, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма үкіметтік емес ұйымдармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп, түрлі әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асырып келеді.

Баспасөз мәслихатында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылған жұмыстарға ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері облыстың қала-аудандарында сенбіліктер, көгалдандыру және тазалық акциялары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Акция аясында «Таза аула», «Таза қала», «Таза жағалау», «Асыл мұра», «Шоппер таңда» сынды экологиялық бастамалар жүзеге асырылды. Нәтижесінде өзен-көл жағалаулары мен қоғамдық орындар тазартылып, ондаған тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ өңірде жүздеген ағаш көшеттері отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Жиында Халықаралық волонтерлер жылы аясында қолға алынатын жаңа жобалар да таныстырылды. Облыс әкімінің қолдауымен 100 жас волонтер арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан университетінде ЮНИСЕФ Жастар хабы ашылып, жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға бағытталған жаңа алаң іске қосылды.

Алдағы уақытта өңірде «ERTIS VOLUNTEER FORUM – 2026» халықаралық форумы ұйымдастырылмақ. Форум аясында еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін волонтерлер мен сарапшылар тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды талқылайды.

Жиын барысында волонтерлік қызметті тұрақты қоғамдық институт ретінде дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button