Бензин бағасы бақылауда ма?

АИ-92 бензиніне қойылған мораторий алынғанымен, Қазақстанда жанармай бағасы күрт өскен жоқ. Энергетика министрлігінің мәліметінше, нарықтағы жағдай тұрақты, ал отын қоры жеткілікті деңгейде сақталып отыр.
Бүгінде елде шамамен 419 мың тонна АИ-92, 133 мың тонна АИ-95 және 611 мың тонна дизель отыны бар. Мұнай өңдеу зауыттары өндірісті жоспарға сай жалғастырып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуде.
Министрлік жанармай бағасы нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасатынын атап өтті. Дегенмен, Үкімет бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, тұрақтылықты бақылауда ұстап отыр. Осы мақсатта өңірлерде арнайы мониторинг штабтары жұмыс істеп, баға мен жеткізу процесін күнделікті қадағалайды.
Мораторий кезеңінде баға тұрақтылығы сақталып, жанармай жеткізілімінде іркілістер болмаған. Қазіргі таңда да бұл үрдіс жалғасуда.
Сонымен қатар, 2026 жылы Ресеймен келісілген жоспар аясында мұнай өнімдерінің белгілі бір көлемін импорттау көзделген. Бұл ішкі нарықтағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласына қажетті дизель отыны да бөлек бақылауда. Әкімдіктер арқылы бөлінетін отын көлемі алдын ала анықталып, көктемгі дала жұмыстары үздіксіз қамтамасыз етіледі.
Жалпы, ведомство елде жанар-жағармай тапшылығы жоқ екенін және нарықтың тұрақты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.



