Басты жаңалық

Лагерь таңдауда абай бол!

Жаз жақындаған сайын ата-ананы бір сұрақ мазалайды: бала лагерьде қаншалықты қауіпсіз демалады? Абай облысында бұл мәселе биыл ерекше бақылауға алынды.

Өңірде 2026 жылғы жазғы сауықтыру маусымына дайындық жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметінше, облыс аумағында барлығы 11 маусымдық балалар лагері жұмыс істейді. Оның 8-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік.

Мемлекеттік лагерьлер қатарында «Радуга», «Жас Қанат», «Дарабоз», «Берег», «Мейірім», «Солнечный», «Достық» және Тарбағатай ауданындағы мектеп жанындағы лагерь бар. Ал жекеменшік секторда «DosbolLaik», «Ai-Hanym», «Сказка» лагерьлері қызмет көрсетеді.

Жыл сайын Абай облысында 5 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш тұрақты: 2024 жылы – 5077 бала, 2025 жылы – 5014 бала лагерьде демалған.

Биыл қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Балалар лагерьлері қызметін бастамас бұрын міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Бұл талап № ҚР ДСМ-78 санитариялық қағидалары негізінде бекітілген. Құжатқа сәйкес, лагерьлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік жүйелер толық тексеріледі, су жүйелері тазартылып, аумақ абаттандырылады. Сондай-ақ дезинфекция, дезинсекция және дератизация шаралары жүргізіледі.

Балаларды лагерьге қабылдау кезінде де нақты талаптар бар. Әр бала медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынуы тиіс. Бұл — инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алуға бағытталған шара.

2026 жылдан бастап бақылау жүйесі де жаңартылды. Енді барлық балаларды сауықтыру ұйымдары санитариялық талаптарға сәйкестігі бойынша толық тексеруден өтеді.

Мамандар ата-аналарға лагерь таңдауда мұқият болуды ескертеді. Ең алдымен, демалыс орнының рұқсат құжаттары, қызметкерлердің медициналық тексерістен өткені және санитариялық талаптардың сақталуы назарда болуы тиіс.

Қорытындысында, Абай облысында жазғы демалыс маусымы тек демалыс емес, қауіпсіздік пен сапаға негізделген жүйелі жұмыс ретінде ұйымдастырылып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button