Қолдау қол созым жерде

Абай облысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын қолжетімді етуге бағытталған жаңа жоба таныстырылды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапары барысында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласындағы Арбат алаңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мобильді фронт-офисінің жұмысымен танысты.
Мобильді фронт-офис – шалғай ауылдар мен елді мекендердегі кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге арналған арнайы көшпелі кеңсе. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қолдау құралдарын кәсіпкерлерге барынша жақындатып, қажетті қызметтерді бір жерде ұсыну.

Арнайы автобуспен жұмыс істейтін көшпелі топ құрамына «Даму» қорының мамандары, мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Олар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, субсидиялау, кепілдендіру, лизинг, микрокаржыландыру және экспортты қолдау бағдарламалары бойынша кеңес беріп, өтінімдерді сол жерде қабылдайды.
Жаңа формат «бір терезе» қағидатына негізделген. Бұл кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Даму» қорының мәліметінше, биыл кәсіпкерлерден 12 мыңға жуық өтінім түскен. Оның 553-і Абай облысына тиесілі. Қазіргі таңда мобильді фронт-офистер еліміздің 12 өңірінде жұмыс істеп, кәсіпкерлерге қажетті кеңестер мен қызметтер көрсетуде.

Жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көрмесін де аралап, жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен танысты. Көрмеде азық-түлік өндірісі мен агроөнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды.
Мемлекеттік қолдау шараларын халыққа жақындатуға бағытталған бұл жоба кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын жүзеге асыруға және өңірдегі бизнестің дамуына серпін бермек.



