Абай облысында қарағай көшеттерін өсіру көлемін екі есеге арттыру жоспарлануда

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Канонер филиалының орман питомнигі мен орман тұқымы станциясы кешенінің жұмысымен танысты. Сапар барысында орман шаруашылығын дамыту, өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру, заманауи технологияларды енгізу және орман қорын ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Орман қорын сақтау мен молайту – еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Қазақстанда орман шаруашылығын жаңғыртуға, орман алқаптарын қалпына келтіруге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Абай облысында да кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты еліміздегі ең ірі орман алқаптарының бірі болып саналады. Ертіс маңы қарағайлы орманының табиғи экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және орман алқаптарын ұлғайтуда резерваттың маңызы ерекше. Сондықтан өңірде орманды қалпына келтіру жұмыстары мемлекеттік деңгейде тұрақты қолдау тауып келеді.
Канонер филиалының орман тұқымы станциясы кешені 2016 жылы пайдалануға берілді. Кешен Ертіс маңындағы өрттен зардап шеккен орман алқаптарын қысқа мерзімде қалпына келтіру мақсатында салынған. Бүгінде бұл нысан Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы жабық тамыр жүйесі бар орман көшеттерін өсіретін бірегей өндірістік кешендердің бірі саналады.
Сапар барысында мамандар кешеннің өндірістік мүмкіндіктерін, көшет өсірудің толық технологиялық процесін және қолданылып жатқан заманауи әдістерді таныстырды. Мұнда қарағай тұқымдарын іріктеу, сақтау, арнайы дайындықтан өткізу, көшеттерді өсіру және оларды орман алқаптарына отырғызуға дайындау жұмыстары толық цикл бойынша жүзеге асырылады.
Кешеннің жалпы аумағы 20,4 гектарды құрайды. Оның 17,1 гектары ашық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған питомник болса, 3,3 гектарында өндірістік ғимараттар мен үш заманауи жылыжай орналасқан. Дәл осы жылыжайларда швед технологиясы негізінде жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі.
Заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде көшеттерді өсіру мерзімі айтарлықтай қысқарды. Бұрын дәстүрлі әдіспен бір көшетті өсіруге екі жыл қажет болса, қазіргі технология арқылы бұл мерзім бір жылға дейінқысқарған. Бұл орманды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетіп, жыл сайын отырғызылатын көшеттер көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа технология көшеттердің сапасын да едәуір арттырған. Тұқымдардың өнгіштігі 95 пайызғажетіп отыр. Жабық тамыр жүйесі көшеттерді тасымалдау мен отырғызу кезінде тамырдың зақымдануына жол бермейді және олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде көшеттердің жерсіну көрсеткіші 90 пайызға дейін жетеді.
Қазіргі уақытта кешендегі үш жылыжайда жыл сайын 3 миллион 180 мың дана жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеті өсіріледі. Дайын көшеттер күз мезгілінде «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына отырғызылып, өрттен зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіру және жаңа орман екпелерін қалыптастыру жұмыстарына пайдаланылады.
Мамандардың айтуынша, бұл технология орманды қалпына келтіру жұмыстарын едәуір жеделдетіп қана қоймай, жас ағаштардың өміршеңдігін арттырып, табиғи экожүйенің тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Орман питомнигінің өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру жұмыстары жалғасуда. Биыл көктемде қосымша 3,6 гектар жерге қарағай тұқымы себілді. Бұл алдағы жылдары көшет өндірісінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Жаңасемей ауданының Озерки ауылдық округінде жаңа орман питомнигін салу жоспарланып отыр. Жоба іске асқаннан кейін мұнда жыл сайын 6 миллионға дейін қарағай көшетін өсіруге мүмкіндік туады. Бұл қазіргі өндіріс көлемін екі есеге жуық арттырып, Абай облысындағы ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі орманды қалпына келтіру жұмыстарына да қосымша серпін береді.
Жаңа питомниктің құрылысы орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік қуатты арттыруға және көшет өсірудің заманауи технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Нысанды аралау барысында Нұрлыбек Нәлібаев орман қорын сақтау мен ұлғайту мемлекеттік экологиялық саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, заманауи технологияларды кеңінен қолдану, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық әлеуетін күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуы қажет.
Сондай-ақ ол орман өрттерінің алдын алу шараларын күшейтуге, ерте анықтау жүйелерін дамытуға, орман қызметтерін жаңа техникамен жабдықтауға және орман қорын ұлғайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды сапалы іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жұмыстар Ертіс маңы қарағайлы орманының бірегей табиғи экожүйесін сақтауға, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға және Абай облысында орман шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



