Семейліктер Биологиялық орталыққа тегін барды

Қала күніне арналған мерекелік апталық аясында 15 қыркүйек «Семей – мейірімді қала» күніне орай Биологиялық орталық тұрғындар мен қала қонақтарына есігін тегін ашты.
Игі бастамаға орай орталыққа келген келушілер жануарлар әлемін тамашалап, табиғаттың алуан түрлілігімен жақынырақ танысты. Әсіресе балалар үшін бұл күн танымдық әрі қызықты демалысқа айналды.
Биологиялық орталыққа отбасымен келген қала тұрғындары жануарларды бақылап қана қоймай, табиғатқа деген қызығушылығын арттырып, жан-жануарларға қамқорлықпен қараудың маңызын түсінуге мүмкіндік алды.
Мұндай шаралар балалардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастырып, отбасылық демалысты мазмұнды өткізуге ықпал етеді.
«Семей – мейірімді қала» күні аясында ұйымдастырылған бұл бастама қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап, жақындарымен бірге уақыт өткізудің тағы бір мүмкіндігін ұсынды.



