Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылуда

Абай облысында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірлік жобалық кеңсе басшысы Қарт Мерей мен жобалық кеңсе координаторы Шағангүл Жанаева мәлімдеді.
Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығын іске асыру аясында қолға алынған. Бастаманың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және әдебиетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Алдағы бес жылда Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тарту көзделген.
Жоба аясында қатысушыларға арналған 7 бағыт қарастырылған. Оның ішінде мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және барлық азаматтарға арналған бағыттар бар.Әр қатысушы арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын тізімнен 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар қатарында отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи әдеби туындылар бар, – деді өңірлік жобалық кеңсе басшысы Мерей Қарт.
Жобаның негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында қатысушылар кітап оқып, жеке кабинеттерінде қысқаша пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады. Атап айтқанда, бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған – деді жобалық кеңсе координаторы Шағангүл Жанаева.
Жобаға қатысуға ниетті азаматтар www.reading-nation.kz платформасы арқылы тіркеле алады. Кітаптар тізімі мен қатысу шарттары аталған сайтта көрсетілген.



