«Пайда табасыз» дегенге сенбеңіз

Қазақстанда цифрлық теңгеге қатысты алаяқтық схемалар көбейіп отыр. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі ресми ескерту жасады.
Реттеушінің мәліметінше, алаяқтар әлеуметтік желілерде «цифрлық теңгеге инвестиция» туралы жалған жарнамаларды таратып жатыр. Онда қысқа мерзімде жоғары табыс табуға болатыны, жобаға мемлекет тарапынан қолдау бар екені айтылып, азаматтарды сендіруге тырысады.
Алаяқтар пайдаланушыларды фишингтік сайттарға бағыттайды. Мұндай платформаларда «жеке кабинет» жасалып, жалған табыс көрсеткіштері арқылы адамдарды қайта-қайта ақша салуға итермелейді. Соның нәтижесінде азаматтар қаржысынан айырылып жатады.
Ұлттық банк атап өткендей, цифрлық теңге – ұлттық валютаның цифрлық нысаны және заңды төлем құралы. Ол инвестициялық құрал болып саналмайды және табыс табуға арналмаған.
Осыған байланысты мамандар:
– күмәнді сілтемелерге өтпеуге;
– белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге;
– ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді.
Сондай-ақ Ұлттық банк қызметкерлері азаматтарға хабарласып, инвестиция ұсынбайтынын және жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін еске салды.



