Басты жаңалық

Абай облысына 2,5 млрд долларлық инвестиция тартылды

Абай облысы Қытайдан ірі инвестиция тарту бағытында тағы бір маңызды қадам жасады. Бейжіңде өткен келіссөздер қорытындысында өңірде өнеркәсіптік парк пен алюминий зауытын салуды көздейтін, жалпы құны 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Берік Уәли бірқатар жетекші қытайлық компаниялардың басшыларымен кездесті. Кездесулер барысында өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Алғашқы кездесу халықаралық инжинирингтік және инвестициялық DDS Group компаниясымен өтті. Әлемнің 30-дан астам елінде қызмет атқаратын компания Мақаншы ауданының Бақты ауылында аумағы 3 мың гектар болатын өнеркәсіптік парк салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 1,5 миллиард АҚШ доллары. Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Қытайдың ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі – Jiachen Group компаниясының басшылығымен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде Абай облысының әкімдігі, Liaoning Jiachen Holding Group және Xinjiang Sanbao Industrial Group компаниялары арасында Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жобасын іске асыру туралы меморандум жасалды. Инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Жұмыс сапары барысында Берік Уәли China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) компаниясының өкілдерімен де жүздесті. Тараптар өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық желіні дамыту және құрылыс саласындағы әріптестікті нығайту бағыттарын талқылады.

Бейжіңде қол қойылған құжаттар Абай облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа өндірістер ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button