Алакөлді дамыту жоспары бекітілді

Абай облысында Алакөл жағалауын дамытуға арналған кешенді жол картасы қабылданды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында туризм басқармасы, Мақаншы ауданы әкімдігі және цифрлық технологиялар саласының өкілдері жағалаудағы жобалардың орындалу барысы мен алдағы жоспарларды баяндады. Нәтижесінде 2026–2028 жылдарға арналған туризмді дамыту жол картасы бекітілді.
Құжат аясында Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңарту көзделген. Бас жоспар әзірленіп, электр желілері тартылып, су және кәріз жүйелері салынады. Сонымен қатар тазарту қондырғылары орнатылып, жағалау нығайтылып, санитарлық тораптар мен жарық жүйелері жүргізіледі.

Биыл қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Жағалауға жасанды интеллектпен біріктірілген 115 бейнекамера орнатылмақ, оның ішінде 22-сі тікелей жағалау сызығын бақылауға бағытталады. Бұдан бөлек, туристік нысандар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады.
Жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру, келушілерге арналған орталық салу, инвестор тарту және мәдени-туристік іс-шаралар өткізу де жоспарға енгізілген.

Облыс әкімі шомылу маусымына аз уақыт қалғанын атап өтіп, барлық жауапты мекемелерге жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Негізгі мақсат – жазғы туристік маусымды жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеру», – деді Берік Уәли.



