
Мемлекеттік шекараны шегендеп, ел тұтастығы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету – кез келген мемлекеттің басты әрі стратегиялық басымдығы. Осы орайда Семей қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің жаңа, заманауи әскери қалашығының іргетасын қалау салтанаты өтті. Бұл қадам өңірдегі шекаралық инфрақұрылымды жаңғыртып, елдің қорғаныс әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тарихи оқиға болды. Мерекелік шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің бастығы Асхат Ахметов, сала ардагерлері мен құқық қорғау органдарының жетекшілері арнайы қатысты.
Абай облысы бойынша Шекара қызметі департаменті стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақта орналасқан. Жалпы ұзындығы 597,8 шақырымды құрайтын Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара шебін тәулік бойы күзету – үлкен жауапкершілік. Департамент құрамында Мақаншы мен Семей шекара басқармалары, 3 шекара бөлімі, 20 шекара бөлімшесі және 12 шекаралық бақылау бөлімшесі үздіксіз қызмет атқаруда. Соңғы төрт жылда шекараны инженерлік тұрғыдан жабдықтау қарқын алып, заманауи дабыл кешендері, радиолокациялық құралдар, оптикалық-электрондық бақылау жүйелері мен тепловизорлар кеңінен енгізілді. Осындай жоғары техникалық жарақтандыру мен жеке құрамның кәсібилігі арқасында төрт жыл ішінде шекараны заңсыз бұзған 57-ден астам құқық бұзушы мен көші-қон заңнамасын бұзған 767 тұлға ұсталды. Бұдан бөлек, салмағы 7 килограмнан асатын есірткі заттарының заңсыз айналымына бөгет қойылды.
Салтанатты жиында Абай облысының әкімі Берік Уәли сөз сөйлеп, шекарашылардың ел тыныштығын қорғаудағы айрықша рөлін атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет» – деп ерекше атап өткен болатын. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті» деген қанатты сөзі бар. Шекара қызметі осы қасиетті ұғымның нақты көрінісі. Өйткені, шекарашының қызметі – күн сайын сергектікті, тәртіпті және елге деген шексіз адалдықты талап ететін жауапты міндет. Бүгін іргетасы қаланатын әскери қалашық осы міндетті сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Әскери қалашықтың салынуы – әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасау ғана емес, олардың жауынгерлік әзірлігін арттырып, қызмет тиімділігін күшейтуге бағытталған маңызды қадам», – деді өңір басшысы.
Іргетасы қаланған жаңа әскери қалашық заманауи талаптардың бәріне сай келеді. Қалашық аумағында төрт қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешен, спорт және тренажер залдары, футбол алаңы, 300 орындық клуб, қонақүйлер мен жатақханалар салынбақ. Сонымен қатар 40 автокөлікке арналған гараж-бокс, жанармай құю пункті, материалдық қорларға арналған қоймалар, автономды қазандық және бақылау-өткізу пункті қарастырылған. Жиын соңында қызметтік-жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарған бірқатар әскери қызметшілер ҰҚК-нің «Ардагер» және І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.



