Президент қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызын атап өтті.
Президенттің айтуынша, 16 желтоқсан – халқымыздың тарихи таңдау жасап, егемен ел ретінде дербес даму жолын түпкілікті айқындаған айтулы күн.
– Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті терең сезіне отырып, осы ұстанымға әрдайым адал боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы азаматтардың ынтымағы мен өзара қолдауы, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту жолындағы басты тірек болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында ел ішіндегі бірлік пен сенімнің маңызы одан әрі арта түсуде.
Сондай-ақ Президент жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың Қазақстанның жаһандық беделін күшейтіп, бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталғанын айтты.
– Стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға бақ-береке мен табыс тілеп, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын деген ізгі тілегін жеткізді.



