Абай облысында медицина және спорт саласына басымдық берілді

Абай облысында әлеуметтік сала нысандарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген 5,6 млрд теңге есебінен 3 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Семей қаласында 18 жастан асқан азаматтарға арналған 100 орындық психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылысы толық аяқталды. Нысан құны – 2,6 млрд теңге.
Жалпы, биыл денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,9 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем көліктерінің тозу мәселесін шешу үшін облыс бойынша 100 жаңа санитарлық көлік сатып алу туралы шешім қабылданды. Келесі жылы оның 67-сі Семей қаласына беріледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Семейде 300 төсек-орындық облыстық көпсалалы клиникалық аурухана салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асуда. Жыл басынан бері 3 спорт нысаны пайдалануға беріліп, 5 спорт кешенінің құрылысы аяқталу сатысында. Тағы 12 спорт нысаны салынуда. Сонымен қатар, «KazMinerals» ЖШС Семейдегі жаңа ықшам ауданда 25 мың орындық, УЕФА стандарттарына сай стадион құрылысын бастады. Бұл – қала тұрғындары үшін маңызды әрі көптен күткен жоба.



