Бал мен зімбірден отандық жаңа сусын әзірленді

Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбір негізінде алкогольсіз сусын өндіру технологиясын әзірледі. Жаңа өнімді Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары дайындаған.
Зерттеу барысында мамандар сусынның 40 түрлі құрамын сынақтан өткізді. Нәтижесінде дәмі, хош иісі, өндірістік мүмкіндігі және экономикалық тиімділігі жағынан ең қолайлы төрт нұсқа таңдалған.
Зерттеу нәтижелері дайын сусынның құрамында антиоксиданттардың мол екенін көрсеткен. Жаңа технология бал мен зімбірдің пайдалы қасиеттерін барынша сақтауға мүмкіндік береді.
Әзірлемеге пайдалы модель патенті алынған. Сонымен қатар сусынды өнеркәсіптік көлемде өндіруге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Ғалымдардың айтуынша, бұл технология отандық балды терең өңдеуге және оның негізінде жаңа өнім түрлерін шығаруға жол ашады. Қазір әзірлемені тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге мүмкіндік бар.



