Басты жаңалық

Өңірде мемлекеттік қызмет, экология және жастар саясаты талқыланды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жай-күйі және өңірде жастар саясатын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты, аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов және Жастар саясаты басқармасының басшысы Олжас Бейсенбаев баяндама жасады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жедел бағалау көрсеткіші 91,32 балды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,98 балға артты. Есепті кезеңде 8,7 млн қызмет көрсетіліп, оның 99 пайызы электронды форматта ұсынылған. Қызмет көрсету мерзімдерін бұзу деректері айтарлықтай азайған.

Аймақ басшысы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мерзімдердің бұзылуына жол бермеуді, негізсіз бас тарту жағдайларын жоюды және тұрғындардың арыз-шағымдарын сапалы қарауды тапсырды.

Кеңесте тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы да қаралды. Қазіргі таңда облыста бірқатар елді мекендерде экологиялық талаптарға сай полигондар жұмыс істейді. Семей қаласындағы полигон 1980 жылдан бері қолданылып келеді және онда миллиондаған тонна қалдық жиналған. Осыған байланысты жаңа заманауи полигон салу жобасы әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Облыс әкімі жауапты органдарға жаңа полигондар салу, қолданыстағыларды жаңғырту және заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша нақты тапсырмалар берді.

Кеңес барысында жастар саясатын іске асыру мәселесі де талқыланды. Өңірде жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі, жастар тәжірибесі мен кәсіпкерлікті қолдау шараларының нәтижесі атап өтілді.

Жиын қорытындысында өңір басшысы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту және жастарды қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button