Басты жаңалық

Айтыс аламаны Абайдан басталды

Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай және Батыс Қазақстан облыстары арасындағы республикалық командалық айтыс өтеді. Дәстүрлі сөз додасы облыс әкімдігінің қолдауымен, «Amanat» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен өтпек. Айта кетерлігі, бұл ауқымды айтыс алғаш рет Абай облысынан бастау алып отыр.

Айтыс аламанында өңір намысын белгілі айтыскерлер қорғайды. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Нұржан Өмірбай, Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы бар. Сонымен бірге ұлттық өнердің өзге де бағыттары бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, Диас Мұратхан және күйші Дарын Құдайбергенов өнер көрсетеді.

Осы маңызды дода қарсаңында облыс әкімі Берік Уәли айтысқа қатысатын ақындар мен өнерпаздармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі. Кездесу Наурызнама онкүндігі аясындағы Ұлттық киім күнімен тұспа-тұс келіп, аймақ басшысы өнер иелеріне шапан жауып, құрмет көрсетті.

«Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз қарсаңында сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Ертеңгі додада әр бағыт бойынша өз өнерлеріңізді жоғары деңгейде көрсетіп, Абай облысының абыройын асқақтатасыздар деп сенемін. Бұл – тек құрмет емес, сіздерге артылған сенімнің белгісі», – деді өңір басшысы.


Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Абайдың 180 жылдығы аясында өткен жылы алғаш рет 10 күндік форматта ұйымдастырылған мәдени-рухани іс-шаралар кең көлемде өткізілген. Сонымен қатар «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында өңір қаламгерлерінің 25 кітабы жарық көрді. Бірқатар мәдени нысандар жаңартылып, ауылдық клубтар ашылды.

Өңір өнерпаздарының жетістіктері де атап өтілді. Абай атындағы театр ұжымы халықаралық «Biken Fest – III» фестивалінде Гран-при иеленсе, «Дариға-ай» жастар театры да халықаралық деңгейдегі байқауда үздік атанды. Сонымен қатар бірқатар ақындар мен айтыскерлер мемлекеттік және ұлттық марапаттарға ие болды.

Айтыс – ұлттық рух пен сөз өнерінің биік көрінісі. Абай елінде бастау алған бұл дода қазақ өнерінің мәртебесін арттырып, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайта түспек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button