Абай ілімі – Жаңа Қазақстанның рухани темірқазығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Абай күніне арналған құттықтау жолдауында ұлы ойшылдың мұрасы тек тарихи қор емес, қазіргі Қазақстанның саяси, әлеуметтік және рухани дамуының негізгі бағдары екенін тағы бір мәрте айқындап берді.
Ұлы ақынның зияткерлік әрі мәдени қазынасы ұлттық бірегейлікті нығайтудың, қоғамда жаңа этиканы қалыптастырудың сарқылмас бастауы болып табылады. Хакім Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі таңда әрбір азаматты рухани кемелденуге, жауапкершілікке және үнемі өзін-өзі дамытуға үндейтін, уақыт өткен сайын маңызы артпаса, кемімейтін терең идеологиялық тұғырға айналды.
Бұл мерекенің елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістермен, Конституциялық реформалармен және мемлекеттік институттарды түбегейлі жаңғырту кезеңімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Абайдың қоғамдағы бейқамдық пен жалқаулықты сынға алып, білімпаздық, еңбекқорлық пен бірлікті ту еткен өсиеті қазіргі мемлекеттік реформалардың ішкі мәнімен толық үндеседі.
Президент атап өткен «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» идеялары Абай армандаған берекелі де әділетті қоғамның берік іргетасын құрайды. Ұлы ойшылдың қара сөздеріндегі тағылымдық ойлар бүгінгі Қазақстанның жаңа даму қарқынына рухани дем беріп, жас ұрпақты шынайы отаншылдық пен жасампаздық рухында тәрбиелеуге жол ашады. Осылайша, Абай ілімі – біз құрып жатқан Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанның айнымас темірқазығы мен рухани шамшырағы болып қала береді.



