
Абай облысында білім беру саласының маңызды іс-шараларының бірі — дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп, онда өңірдегі білім сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланып, үздік ұжымдар мен сала ардагерлері салтанатты түрде марапатталды. Жиын барысында өңір басшысы Берік Уәли «Үздік ұйым» конкурсының жеңімпаздарына арнайы қаржылай сертификаттар табыстады. Марапатқа ие болғандар қатарында Аягөз ауданындағы №5 жалпы орта білім беретін мектебі, Семейдегі №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі, Ақсуат ауданындағы Сасан би атындағы орта мектебі, Абай ауданындағы жалпы білім беретін Қарауыл гимназиясы, Бесқарағай ауданындағы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектебі және Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешені бар.
Сонымен қатар ауқымды жиында өңірдің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мен сала ардагерлерінің еңбегі ескерілді. Сала үздіктеріне Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, «Арнайы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде тапсырылды.
Конференцияның пленарлық бөлімінде білім беру мазмұнын жаңарту, инновациялық тәсілдер мен жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу мәселелері жан-жақты сөз болды. Конференция аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Дидар Асқарқызы, «Bilim Group» өкілі, білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу бойынша ұлттық жобаның жетекшісі Мағжан Аманғазы, BINOM School мектебінің директоры Кемелбек Берікболсын, Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры Меруерт Бейсембаева және Абай облысы бойынша балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшысы Еділ Төкен баяндама жасап, заманауи білім беру мен тәрбие ісіндегі өзекті бастамалар төңірегінде тәжірибе бөлісті. Өткізілген тамыз конференциясы жаңа оқу жылына арналған басым бағыттарды айқындап, өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге серпін берді.



