Әскери резерв: 57 жасқа дейін әскерге барасыз

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында үш жылдық келісімшартпен ерікті түрде қабылдау жүріп жатыр. Бұл өзгерістер биыл күшіне енген заңға сәйкес жүзеге асуда. Резервке 18 бен 57 жас аралығындағы кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Үміткердің денсаулығы жарамды әрі әскери билеті болса жеткілікті.
Азаматтар жылына бір рет 30 күндік далалық оқу-жаттығуға қатысады. Сонымен қатар ай сайын үш күн әскери дайындықтан өтеді. Демек, жылына 60 күн әскери дағдыларын жетілдіруге жұмсайды. Жұмыс істейтін азаматтардың орташа жалақысы сақталады, ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы төленеді. Яғни айына 3 рет барып, 85 мың теңге алуға болады. Жаттығу кезеңінде медициналық қызмет те мемлекет есебінен көрсетіледі. Дегенмен резервтегі азаматтар әскери баспана бағдарламасына үміткер бола алмайды.
Резервке қабылдау Семей қаласындағы 32355 және 30217 әскери бөлімдерінде және Үшаралдағы 40398 бөлімінде жүргізіліп жатыр.



