Сахна сәні – Абай елінің өнері

Абай облысында өтіп жатқан «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауы өңір өнерпаздарының шығармашылық әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналып отыр. Кезекті іріктеу кезеңі Бородулиха ауданында ұйымдастырылып, жергілікті өнер ұжымдары өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды.

Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауда қатысушылар арнайы дайындалған концерттік бағдарламаларын сахна төрінде паш етті. Әрбір нөмірден олардың шығармашылық ізденісі, орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениеті айқын көрінді.
Қатысушылардың өнеріне мәдениет және өнер саласындағы тәжірибелі мамандардан құралған кәсіби қазылар алқасы баға берді. Бағалау барысында орындаушылық деңгей, көркемдік тұтастық, сахна мәдениеті және бағдарламаның мазмұны негізгі өлшем ретінде назарға алынды.

Айта кетейік, байқаудың іріктеу кезеңдері облыстың Мақаншы, Үржар, Ақсуат, Көкпекті, Бесқарағай және Бородулиха аудандарында өтті. Әр өңірдің өнерпаздары өз ерекшеліктерін танытып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтті.
Өнер додасы алдағы күндері де жалғасады. 23 және 24 сәуір күндері іріктеу кезеңі облыстың өзге аудандарында өтеді.



