Үздіктер анықталар күн

Аягөз ауданында «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауының іріктеу кезеңі өтті. Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған өнер додасының іріктеу кезеңдері осымен аяқталды.
Іс-шара Қозы Көрпеш – Баян сұлу мәдениет үйі сахнасында өтті. Аудан өнерпаздары байқау талаптарына сай әзірленген концерттік бағдарламаларын ұсынып, көрерменге өңірдің мәдени болмысын танытты. Жергілікті шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар ұлттық өнердің түрлі жанрында өнер көрсетті.
Қатысушылардың өнерін мәдениет және өнер саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті және көркемдік шешімдер негізгі талап ретінде қаралды.
Айта кетейік, «Абай елі – өнер кеніші» байқауы облыс аудандарының шығармашылық әлеуетін танытуға, көркемөнерпаздар өнерін қолдауға және мәдени мұраны насихаттауға бағытталған. Іріктеу кезеңдері 20 сәуірден бастап облыс аудандарында өтіп, әр аудан өз бағдарламасын ұсынды.
Соңғы іріктеу кезеңі Жарма ауданында ұйымдастырылып, осылайша байқау облыстың 10 ауданын толық қамтыды.
Қазылар алқасының шешімімен іріктеуден өткен үздіктер облыс орталығында өтетін гала-концертке жолдама алды. Жеңімпаз аудан облыс әкімі атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады.



