Семей дамуы – басты назарда

Абай облысында аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, қоныс аударушыларды қабылдау бойынша өңірлік квотаның орындалуы және Семей қаласының даму жоспары қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша салалық басқарма басшылары баяндама жасап, жер ресурстарын тиімді пайдалану, қала құрылысы және жұмыспен қамту бағыттарындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді таныстырды.

2022–2025 жылдар аралығында өңірде 481,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Айналымға енгізу көрсеткіштері жоспардан жоғары орындалуда. 2024 жылдың IV тоқсанында 74,3 мың гектар, 2025 жылдың I тоқсанында 135,1 мың гектар жер айналымға енгізілген.
Сонымен қатар бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағынан 983,7 мың гектар жер пайдалануға жарамды санатқа ауыстырылды. Оның 473,5 мың гектары Жаңасемей ауданына бекітіліп, кезең-кезеңімен игеріледі.
Биыл пайдаланылмай жатқан 90 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қайтару жоспарланған. Қазіргі уақытта 71,1 мың гектар немесе жоспардың 79 пайызы орындалды. Қайтару жұмыстары жалдау мерзімінің аяқталуы, сот шешімдері және ерікті түрде қайтару негізінде жүргізілуде.

Аймақ басшысы жер ресурстарын тиімді пайдалану өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өтіп, 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық жерлерді толық айналымға енгізуді тапсырды. Аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, инвесторлар тарту міндеттелді.
Облыста қоныс аудару бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Облыс құрылғаннан бері 811 отбасы немесе 2 289 адам қоныстандырылды. Олардың басым бөлігі Семей қаласы, Жарма және Үржар аудандарына орналасқан.

2025 жылға белгіленген 539 адамдық квотаның 67,7 пайызы орындалды. Еңбекке қабілетті азаматтардың 71,4 пайызы жұмыспен қамтылып, басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Аймақ басшысы қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру және қоныс аударушылардың өңірде тұрақты орналасуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.



