«Семей орманы» аумағындағы орман өрті оқшауланды: өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда

2026 жылғы 16 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан орман өрті оқшауланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, барлық тартылған қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында 18 шілде күні сағат 09:45-те өрттің таралуы тоқтатылды. Қазіргі уақытта жекелеген жану ошақтарын толық жою, аумақты бақылау және өрттің қайта таралуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өрт анықталған алғашқы сағаттардан бастап оны сөндіруге бағытталған ауқымды операция ұйымдастырылды. Жедел әрекет ету үшін бірнеше мемлекеттік орган мен арнайы ұйымдардың күштері жұмылдырылды. Жұмыстар тәулік бойы, күрделі табиғи жағдайларда және жағдайды тұрақты бақылау арқылы жүргізілді.
Орман өртімен күресуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері қатысты.
Сонымен қатар өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМК бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да қызмет өкілдері тартылды.
Өртті жою жұмыстарына барлығы:
• 769 адам;
• 191 бірлік жерүсті техникасы;
• әуеден барлау жүргізіп, өртті сөндіруге қатысқан 8 тікұшақ жұмылдырылды.
Өртпен күресте авиация маңызды рөл атқарды. Өрт басталғаннан бері әуе кемелері арқылы 319 рет су төгілді. Жалпы өрт ошақтарына жеткізілген судың көлемі 709 тоннаны құрады.
Авиациялық техниканы пайдалану орман алқабының жетуі қиын аумақтарындағы өртті сөндіру тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Абай облысына Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келді.
Олар Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге барлық тартылған бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп, жедел жағдайды бағалап, өртті барынша тиімді сөндіру үшін қажетті шешімдер қабылдады.
Жұмыс барысында қызметтер арасындағы өзара іс-қимылға, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қосымша техника мен күштерді уақытылы тартуға және жағдайдың өзгеруіне жедел әрекет етуге ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапары аясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімі Берік Уәли орман өрті болған аумақты тікұшақпен әуеден бақылап шықты.
Әуе мониторингі барысында басшылар өрттің ауқымын бағалап, орман алқабының жағдайымен танысты, жүргізіліп жатқан өртке қарсы шаралардың тиімділігін тексерді және өртті толық жою бойынша алдағы жұмыстарды белгіледі.
Әуеден алынған ақпарат жерүсті және авиациялық бөлімшелердің жұмысын жедел түзетуге, негізгі күштерді ең күрделі учаскелерге бағыттауға мүмкіндік берді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт оқшауланғаннан кейін мамандар аумақты тәулік бойы патрульдеуді жалғастыруда.
Бұл кезеңдегі негізгі міндеттер – жекелеген бықсу ошақтарын толық жою, өрттің қайта таралуына жол бермеу, өрт жағдайын бақылау және орман қорының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Орман шаруашылығы мен құтқару қызметтерінің мамандары ауа райы жағдайлары немесе қатты жел әсерінен жаңа өрт ошақтарының пайда болу мүмкіндігін болдырмау үшін аумақты тексеруді жалғастыруда.
Ведомство мәліметінше, мемлекеттік органдар барлық өртке қарсы шаралар толық аяқталғанға дейін бірлескен жұмысты жалғастырады. Өрт толығымен сөндірілгеннен кейін оның салдары бағаланып, өрт шарпыған аумақ көлемі және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты экожүйесін қалпына келтіру бойынша қажетті жұмыстар анықталады.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі азаматтарға орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды еске салады. Өрт қаупі жоғары кезеңде арнайы белгіленбеген орындарда от жағуға, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастауға, тез тұтанатын материалдарды қалдыруға және орман өртіне әкелуі мүмкін әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Жедел қызметтер барлық жану ошақтары толық жойылғанға дейін өрт болған аумақта тәулік бойы бақылауды жалғастырады.



