Басты жаңалық

Семейде 1873 жылы салынған тарихи ғимарат жаңғыртылып жатыр

Абай облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру және оларды қазіргі заман талаптарына сай тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде тарихи ғимараттарды сақтап қалу арқылы қалалардың сәулеттік келбетін жаңарту, туристік әлеуетті арттыру және мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізу басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырылып келеді.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Семей қаласының тарихи орталығында орналасқан 1873 жылы салынған бұрынғы зооветеринарлық институт ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары.

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли аталған нысанға арнайы барып, қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Жоба жетекшілері мен мердігер ұйым өкілдері аймақ басшысына құрылыс жұмыстарының кезеңдері, тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшеліктерін сақтау бағытында қолға алынған шаралар және нысанды болашақта пайдалану жоспарлары жөнінде баяндады.

Айта кету керек, бұл ғимарат Семей қаласының ғана емес, тұтас өңірдің тарихи сәулет мұраларының бірісаналады. Нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінеенгізілген және ұзақ жылдар бойы қаланың көрнекті сәулеттік нысандарының қатарында болды.

Ғимараттың тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. 1873 жылы бой көтерген сәулет ескерткіші сол кезеңдегі Семей қаласының қоғамдық және әкімшілік өмірінде маңызды орын алған тарихи құрылыстардың бірі болды.

Алайда оның тағдыры күрделі кезеңдермен астасып жатыр.

1917 жылы ғимаратта ірі өрт шығып, салдарынан нысанның басым бөлігі жойылып, тек негізгі қабырғалары ғана сақталған.

Соған қарамастан, Семей тұрғындары тарихи ғимаратты сақтап қалуға күш біріктіріп, қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Қала жұртшылығының қолдауымен небәрі бір айдың ішінде ғимарат қайта жөнделіп1918 жылдың 18 қаңтарында пайдалануға берілді.

Кейін бұл нысан өңірдің жоғары білім беру жүйесінің дамуына да үлкен үлес қосты.

1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Семей қаласында зооветеринарлық институт ашылып, тарихи үш қабатты ғимарат аталған жоғары оқу орнының оқу корпусы ретінде пайдаланылды. Осылайша бірнеше онжылдық бойы мыңдаған студент осы білім ордасында білім алып, еліміздің ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына білікті мамандар даярланды.

Өкінішке қарай, 1986 жылы ғимаратта тағы да ірі өрт болып, тарихи нысан қайтадан қатты зақымданды. Өрттен кейін тек негізгі қабырғалары ғана сақталып, содан бері ғимарат ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып келді.

Қырық жылға жуық уақыт ішінде Семей қаласының қақ ортасында орналасқан тарихи ғимарат бос тұрды. Оның тозуы қаланың сәулеттік келбетіне де кері әсерін тигізіп, тұрғындар арасында бұл нысанды қайта қалпына келтіру мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын.

Бүгінде тарихи әділдік қалпына келтіріліп, нысанды жаңғырту жұмыстары басталды.

Жоба аясында ғимараттың тарихи сәулеттік келбеті толық сақталады. Қайта жаңғырту барысында ғимараттың тарихи құндылығына нұқсан келтірмеу басты талап ретінде белгіленген.

Сонымен бірге нысан қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келетін көпфункционалды кешенге айналады.

Жобаға сәйкес кешен екі негізгі бөліктен тұрады.

Бірінші блокта заманауи қонақүй мен мейрамхана кешені орналасады. Бұл нысан қалаға келетін туристер мен қонақтарға қызмет көрсетіп, Семейдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Ал екінші блокта әкімшілік және коммерциялық бағыттағы кеңселер мен қызмет көрсету орындары жұмыс істейтін болады.

Жобаның басты ерекшелігі – тарихи мұра мен заманауи архитектуралық шешімдердің үйлесімді ұштасуы. Сыртқы келбеті тарихи үлгіде сақталғанымен, ғимараттың инженерлік жүйелері, қауіпсіздік талаптары мен ішкі инфрақұрылымы толықтай қазіргі стандарттарға сәйкес жаңартылады.

Ауқымды жоба жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Инвестиция көлемі 5 миллиард теңгені құрайды.

Жоба толық аяқталғаннан кейін мұнда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, қаланың туристік және кәсіпкерлік әлеуетінің артуына да оң ықпал етеді.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі Берік Уәли тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Аймақ басшысы мұндай ғимараттар тек сәулет нысаны ғана емес, өңірдің тарихи жады мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

«Қаланың дәл ортасында орналасқан бұл ғимарат ұзақ уақыт бойы қараусыз қалып, шаһардың көркіне кері әсерін тигізіп тұрды. Енді, міне, 40 жылдан кейін оның құрылысы қайта жанданды. Инвесторларға алғыс айтамыз. Олар біздің ұсынысымызды қабыл алып, осындай үлкен тарихи ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Қазіргі таңда барлық жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Ең бастысы – тарихи келбетін толық сақтай отырып жаңғырту. Сонда бұл нысан өзінің тарихи құндылығын жоғалтпай, Семейдің ең көрікті әрі танымал орындарының біріне айналады деп сенеміз. Құрылыс кезеңінде туындайтын уақытша қолайсыздықтарға қала тұрғындары түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі сондай-ақ тарихи ғимараттарды қайта жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай жобалар тарихи мұраны сақтаумен қатар, қалалардың сәулеттік келбетін жаңартып, инвестиция тартуға, туризмді дамытуға және өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Абай облысында тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Соның айқын дәлелі – 2025 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген тағы бір тарихи жоба.

Атап айтқанда, 1890 жылы ағайынды Мусиндер салған тарихи ғимарат толықтай жаңғыртылып, бүгінде «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй кешені ретінде табысты жұмыс істеп тұр.

Бұл жоба Семейдің тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи туризм индустриясын дамытуға мүмкіндік берген маңызды бастамалардың біріне айналды.

Өңірде тарихи ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыттағы жобалар Семей қаласының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи келбетін сақтауға, мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізуге, туристік тартымдылығын арттыруға және тарихи нысандарға жаңа тыныс беруге бағытталған. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде Семей қаласы өзінің бай тарихи мұрасын сақтай отырып, заманауи әрі тартымды шаһар ретінде дами түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button