Жасанды интеллект және жастар

Заманауи технологиялар қарқын алған кезеңде әрбір сала жаңашылдықты талап етеді. Осы орайда Абай облысында жастар саясатын цифрландыру және күнделікті жұмысқа озық технологияларды енгізу мақсатында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Басқосу өңірдің жастар ұйымдары мен орталықтарының жұмысын жаңа сатыға көтеруге бағытталған мазмұнды диалог алаңына айналды.
Өңірдегі инновациялық үдерістерді қолдауға арналған бұл шараға сала мамандары мен белсенділер толық қатысты. Атап айтқанда, іс-шараға Абай облысының жастар ресурстық орталықтарының директорлары мен тәжірибелі мамандары, түрлі жастар ұйымдарының жетекшілері мен көшбасшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды. Жиынның басты мақсаты – жастар ұйымдарының әкімшілік және күнделікті жұмыстарын автоматтандыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы қызмет сапасын арттыру және өзара тәжірибе алмасу.
Воркшоп барысында қатысушыларға заманауи AI-көмекшілерді, түрлі автоматтандыру құралдарын және арнайы AI-агенттерді күнделікті қызметте қолданудың нақты жолдары таныстырылды. Лекторлар мен сарапшылар практикалық мысалдарға баса назар аударып, қатысушыларға Jidek.kz кейсі арқылы маңызды мәселелерді жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, күнделікті қайталанып келетін рутинді жұмыстарды цифрлық құралдарға жүктеу, құжат айналымы мен есеп беру жұмыстарын жеделдету арқылы уақытты едәуір үнемдеу жолдары талқыланды. Сонымен қатар, технологиялар қаншалықты дамығанымен, кез келген шешім қабылдауда немесе нәтиже шығаруда адамның бақылауы мен жауапкершілігі әрқашан басты орында қалуы тиіс екендігі ерекше атап өтілді.
Шараның ең маңызды әрі сүбелі сәттерінің бірі – өңірдің цифрлық болашағына жол ашатын ресми құжатқа қол қою рәсімі болды. Жиын аясында «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы мен Astana Hub технопаркінің Семей қаласындағы филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл стратегиялық серіктестік өңірдегі жастардың IT саладағы әлеуетін арттыруға, инновациялық идеяларды қолдауға және жастар арасында цифрлық сауаттылықты күшейтуге тың серпін бермек. Аталмыш құжат аймақтағы талантты жастардың өз жобаларын жүзеге асыруына, оқыту курстарынан өтуіне және тәжірибелі мамандармен байланыс орнатуына кең жол ашады.


